Қарағанды облысының мәдениет басқармасы
«Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайы көрме залымен» КМҚК

2022 жылы 17 наурызда Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің көрме залында «Дәстүр мен ғұрып» арнайы жобасы аясында, Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай «Қолөнері – кілемде» атты музей қорында сақталған кілемдер көрмесінің ашылуы өтті.  Қолөнер – халқымыздың ұлттық мұрасы.  Оның ішінде кілем тоқу өнері ұрпақтан ұрпаққа ауысып, қадір-қасиетін жоймай, тамырын тереңге жайған  бай қазына. Бұл маңызды көрменің міндеті – ұлттық қолөнер мұраларын өмірге әкелген халық шеберлерінің жұмыстарымен таныстырып, насихаттап, дәріптеп  қана  қоймай, мәдени-рухани тұрғыда тәжірибе алмасуға да септігін тигізері сөзсіз.
 
Кілемдер көрмесінің  өткізілу мақсаты – тарихи-мәдени құндылықтарды сақтау және таныту, жылдар бойы музей қорында сақталған кілемдердің тарихымен таныстыру, насихаттау.
Музей қызметкерлерінің басты мақсаты – ата-бабамыздан қалған ұлттық құндылықтарымызды, бай мұраларымызды көздерінің қарашығындай сақтап, келешек ұрпаққа жеткізу.
Іс-шараға «Ақ әжелер» ансамблінің мүшелері, жергілікті қолөнер шеберлері, кәсіпкерлер, мәдениет және өнер саласының қызметкерлері, БАҚ өкілдері мен музей қызметкерлері қатысты.
Көрменің ашылу салтанатында Жезқазған қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мереке Мырзабекова, музей басшысы Раушан Қапарова құттықтау сөз сөйледі.
 Т.Қалмағамбетов атындағы филармонияның әншілері Гүлдәурен Жидебаева мен Ардақ Мұқышев ән шырқап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Ақ әжелер ансамблінің  мүшелері  жүнді  қырқу, түту, сабау, иіру әдістерін таныстырып көрсетті және «Шилі өзен қамыс-ай» әнін орындады. 
Ұлттық бірегейлікті сақтауда қанымызға сіңіп, тұрмысымызға айналған салт-дәстүрдің маңызы жоғары. Рухани құндылықтардың ұрпақтан ұрпаққа ауысып, сабақтасуы мәңгілік ел болудың негізгі өзегі. «Ең әдемі киім – ұлтыңның киімі» демекші, қазақ халқының мақтан тұтатын ұлттық киімдерінің мың бір сырлы әсем үлгілері мәдениетіміздің  ұлттық нақыштарына толы. Музей  ағымдағы жылдың 14 ақпан және 17 наурыз аралығында «Ұлттық киім – ұлтымыздың айнасы» атты  онлайн-сайысты өткізген болатын. Осы көрменің ашылу салтанатында сайысқа   қатысушыларды марапаттау рәсімі өтті. Сайысқа  белсене қатысып, ұлттық киімдерді ұлықтап жүрген қатысушылар:
Т.Қалмағамбетов атындағы Жезқазған филармониясының әншісі, Мәдениет саласының үздігі, «Гүл-Гүлдаурен» ән-би ансамблінің жетекшісі Гүлдаурен Жидебаева;
«Жар-жар» шоу ән-би ансамблінің жетекшісі Ақбота Еркін;
«Қазақмыс» корпорациясы, Оңтүстік кеніші, энергетика бөлімінің инженері  Мақпал Карбозова;
«Шалқыма»би ансамблінің жетекшісі Мақпал Садықова;
«Жан Сарай» той агенттігінің жетекшісі Жансая Оразбекова;
Кеңгір селолық № 5 үлгілі кітапхана филиалы «Өркен» үйірмесінің мүшесі  Шырынкүл Рахимбекова;
Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны, қазақ тойын, салт-дәстүрін дәріптеуші Гүлден Ахметова;
Жалпы білім беретін №4 мектебінің ұстазы, көпбалалы ана Ақжарқын Токишова;
«Айдай» ән-би ансамблінің жетекшісі Гүлімжан Ержанқызы;
Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің қызметкерлері – Майра Толыбек пен Диана Қапбарова.
Марапаттау рәсімінде шараға арнайы келген қонақтар жеңімпаздарға сыйлықтарын табыстады. Гран-при иеленген Гүлдәурен Жидебаеваға – «Шаруа сауда орталығының» директоры, Жезқазған қалалық мәслихатының депутаты Ерлан Кенжебеков, І дәрежелі диплом иесі Жансая Оразбековаға – Жезқазған қаласының Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Айман Исина, ІІ дәрежелі диплом иесі Ақбота Еркінге – «Ютария ЛТД» өндірістік-инновациялық компаниясының директорының орынбасары, Жезқазған қалалық мәслихатының депутаты Тұрсынай Ибадатова, ІІІ дәрежелі диплом иесі Мақпал Карбозоваға – Жезқазған қалалық мәслихатының депутаты Жанар Салықова сыйлықтарды табыс етті. Жезқазған қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлзада Шомаева, Халықтар Достығы мен Мәдениеті Үйі басшысының орынбасары Раушан Қожабаева, кәсіпкер, «Шаңырақ» сауда орталығының басшысы, Жезқазған қаласының Іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі Забира Байпакова қатысушыларға Алғыс хаттар, сыйлықтар берді. Жезқазған қаласы бойынша «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС әлеуметтік-еңбек қатынастары басқармасының басшысы Сабыржан Тембаев пен қаламыздағы танымал кәсіпкер Сания Хасанова да демеушілер қатарынан табыла білді. Осы есімдері аталған демеушілерге алғыс айтамыз. Музей басшысы, қалалық мәслихаттың депутаты Раушан Қапарова қатысушыларға музей абонементін тапсырды. Жезқазған қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлзада Шомаева, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінің басшысы Нұрлан Қасымбеков, М.Төрегелдин атындағы Жезді кентіндегі тау-кен және балқыту ісі музейінің басшысы Зейпін Қазанбаева көрменің лентасын қию рәсімін жасады.  
Шара соңында қатысушылар естелікке суретке түсті.     
 
 
 
 
 
 

 

Жаднама