Қарағанды облысының мәдениет басқармасы
«Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайы көрме залымен» КМҚК

2021 жылы 6 қазанда Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің көрме залында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ақын, прозаик, публицист, журналист, Халықаралық әдеби сыйлықтардың лауреаты, мәдениет саласының үздігі, Қазақстан Журналистер одағының және Қазақстан, Ресей Жазушылар одағының мүшесі, белгілі қаламгер Зинаида Чумакованы еске алу кеші өтті. «Түсіме таулар кіреді» атты шара Зинаида Чумакованың туғанына 70 жыл толуына орай ұйымдастырылды.  
Іс-шараны Жезқазған қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен Жезқазған тарихи-археологиялық музейі бірлесіп өткізді. Музей ұжымы кейіпкерге арнап, «Ізгілік нұрынан жаралған жан еді...» атты көрмені ұйымдастырды.
Зинаида Чумакованың туғанына 70 жыл толуына орай ұйымдастырылған еске алу кешін ашу үшін сөз Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты, «NurOtan» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі, бизнес және көлік колледжінің құрылтайшысы, білім және өнер меценаты Бекзат Алтынбековке берілді.  
Көркемсөз оқудың шеберлері, Жезқазған музыкалық колледжінің студенттері ақын З.Чумакованың өлеңдерінен әзірленген топтаманы қатысушылар назарына ұсынды.
Зинаида Супьяновнаның 23 өлеңіне ән жазылған. Бірнеше әніне бейнебаян түсірілген. Борис Рыбаков, Ахмедия Есмұханов, Марат Түсіпбеков, Мұрат Сейтенов, Еркін Омар, Людмила Мельникова, Олег Оганезов, Ерхан Жабагенов, Аида Жүсіпова, Сұлтан Байназаров – ақын Зинаида Чумакованың өлеңдеріне ән жазған сазгерлер. Шара барысында ақынның «Ренессанс моей души» деген өлеңіне жазылған әнді Еркін Омар орындап, жиналған қауымның ыстық ықыласына бөленді.
Кейіпкердің өмірі мен еңбек жолы жайлы әзірленген слайд қатысушылар назарына ұсынылды.
Зинаида Супьяновна – қазақ халқының салт-дәстүрі мен ғұрпына аса құрметпен қараған жан. Оның «Шашу», «Ақ бата», «Алтыбақан» деген өлеңдері – осындай ықылас-пейілдің көрінісіндей болған жырлар. З.Чумакова мен «Ақ әжелер» ансамблінің арасындағы шығармашылық байланыс пен құрмет те оның қазақ халқына деген сүйіспеншілігінің белгісі екендігі сөзсіз. «Ақ әжелер» ансамблінің мүшесі, жетекшісі Шүкір Әбдіғалиқызы естелік айтып, ансамбль Зинаида Супьяновна көзі тірісінде сүйіп тыңдаған «Аулың сені іргелі» әнін орындап берді. 
Кейіпкердің өнегелі өмірімен етене таныс жандар өз естеліктерімен бөлісті. З.Чумакованың іскерлігі мен шығармашылық мүмкіндіктерін жан-жақты білетін бір адам болса, ол – мәдениет саласының ардагері, кезінде облыстық мәдениет басқармасын бірнеше жыл басқарған қайраткер Рымбала Омарбекова. Рымбала Кенжебалақызының бейнежазбамен жеткізген сәлемі көрермендер назарына ұсынылды. 
Естелік айту үшін сөз Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Зина Ақылбековаға, «Дидар» телеарнасының директоры Базарбай Әлеуханға, поэтесса Татьяна Веденякинаға, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Ғазиз Ештанаевқа берілді.
Әрі қарай еске алу шарасы «Вива» вокаль тобының (жетекшілері – Марина Павлова) орындауындағы «Мама спит» әнімен жалғасын тапты. Әннің сөзін З.Чумакова, әнін Аида Жүсіпова жазған. 
Зинаида Чумакованың «Лучший в мире город Жезказган» деген өлеңіне жазылған әннің композиторы Людмила Мельникова. Осы ән Жезқазған қаласының 50 жылдық мерейтойына арналған ән байқауында 1 орын алған болатын. Мәдениет қайраткері Рахмет Сексенбаев пен Т.Қалмағанбетов атындағы филармонияның және С.Қожамқұлов атындағы музыкалы драма театрдың артисі Мира Бакибаеваның орындауында «Лучший в мире город Жезказган» әні шырқалды. Кейін Рахмет Сексенбаев «Три вершины» әнін орындады.
Зинаида Супьяновнаның жолдасы Абуезит Чумаков сөз сөйлеп, еске алу кешін ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді. Шара соңында музей басшысы Раушан Қапарова сөз сөйлеп, Зинаида Чумакованың қызы Заринаға естелік сыйлықтар табыстады.                                                                                                                                                                                                                                 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

 

Жаднама