Қарағанды облысының мәдениет басқармасы
«Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайы көрме залымен» КМҚК
 

2021 жылы 15 қыркүйекте Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің көрме залында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және «Елінің елеулі азаматтары» жобасы аясында ақын, аудармашы, журналист Ахметов Қуаныш Ахметұлына (1946-2008 жж.) арналған «Ұлытауды ұлықтаған нар тұлға» атты көрменің ашылуы өтті. 
«Елінің елеулі азаматы: ұрпаққа үлгі» жобасының ерекшелігі – Ұлытау-Жезқазған өңірінің дамуына және оның қалыптасуына үлестерін қосқан Ұлы Даланың ұландарын еске алу және олардың өнегелі өмір жолдарын насихаттау. 
Қуаныш Ахметов – Қазақстан Журналистер одағының  мүшесі, С.Ерубаев атындағы сыйлықтың лауреаты, «Түркістанға - 1500 жыл» айдарымен ЮНЕСКО бағдарламасы бойынша өткен халықаралық әдеби конкурстың жүлдегері, Кенесары хан атындағы республикалық сыйлықтың, Қарағанды облысы бойынша «Жыл жазушысы» номинацисының иегері, Ұлытау және Ырғыз аудандарының Құрметті азаматы. Қ.Ахметов көзі тірі болғанда, биыл 75 жасқа толар еді.   
Көрменің ашылу рәсімі шарасында Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова, Қарағанды облысының Құрметті азаматы, «Қазақмыс» корпорациясы жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеген Бүкіров, ҚР Құрметті энергетигі Яхия Асатов, ақын, кенші Мұса Тілеуов, еңбек ардагері Зейнеп Әбілбекова, Қуаныш Ахметұлының замандастары, бауырлары мен балалары сөз сөйледі.  
Т.Қалмағамбетов атындағы Жезқазған филармониясының әншісі Мадияр Мақсұтов Тайжанның «Жігіттерге» термесі мен «Сарыарқа» әнін орындады.
Көрменің лента қию рәсімін Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова, «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеген Бүкіров, көрме кейіпкерінің ұлы Мұрат Ахметов жасады.  
Жобаны ұйымдастыру барысында музей қызметкерлері көрме кейіпкерінің өмірі мен еңбегі туралы отбасылық архивтен материалдар жинақтап, көптеген жұмыстар жүргізді. Экспозициялық материалдар кейіпкердің өмір жолын баяндайтын стендтерде орналасты. 
Шараның өтуіне қолдау көрсеткен – «Қазақмыс» корпорациясы жанындағы ардагерлер кеңесі.
Көрменің ашылуына көрме кейіпкерінің ұрпақтары, туған-туыстары, замандастары, БАҚ өкілдері мен музей қызметкерлері қатысты. 
Іс-шара соңында музей басшысы Раушан Қапарова сөз сөйлеп, Қ.Ахметовтің отбасына естелік сыйлықтарды табыс етті.