Қарағанды облысының мәдениет басқармасы
«Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайы көрме залымен» КМҚК


«Білеуті» этноауылының ашылуы

2021 жылы 26 маусымда «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Дәстүр мен ғұрып» арнайы жобасы аясында ұлттық мәдениетімізді көтеріп, рухани мұрамызды түгендеу мақсатында «Көбес-Өтеу» қоғамдық бірлестігімен құрылған және Жезқазған тарихи-археологиялық музейімен бірлесе «Білеуті» этноауылының ашылу рәсімі өтті.   
Жобаның мақсаты – көнеріп, ұмыт болған дәстүрді жаңғыртып, тәрбиелік және адамгершілік құндылығы жоғары әдет-ғұрыптарды заманға сай түрлендіру болып табылады. Бұл ауылдағы көрсетілімдер ерекше, әр құбылыстан ұлттық кодымыздың иісі аңқиды. Бұл ауылда ұлттық рухты дәріптейтін көрмелер, қазақтың салт-дәстүрлерін жаңғыртатын шеберлік сабақтары, қазақтың ұлттық дастарханының ерекшілігін кеңінен дәріптейтін ұлттық астан дәм тату, әдет-ғұрпымызды ұлықтайтын ұлттық ойындар көрсетіледі.
Ұлттық бірегейлікті сақтауда қанымызға сіңіп, тұрмысымызға айналған салт-дәстүрдің маңызы жоғары. Рухани құндылықтардың ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, сабақтасуы мәңгілік ел болудың негізгі өзегі. 
Ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлегендер:
Еңбек ардагерлері Есенкелді Саринов, Күнтуған Тақанұлы, Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің басшысы Раушан Қапарова. 
Іс-шарада ақын, жыршы Мұханбет Бекмағанбетұлы арнауын оқып, қатысушылардың ыстық ықыласына бөленді. 
Еңбек ардагері Есенкелді Саринов, Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің басшысы Раушан Қапарова лента қию рәсімін жасады. 
Қатысушылар шеберлердің сыныптарын аралап, этнографиялық жәдігерлер көрмесін, «Ши тоқу», «Киіз басу», «Құрақ көрпе құрау», «Бауырсақ пісіру», «Құрт жаю» шеберлік сабақтарын тамашалады және этноауыл фонында фотоға түсті, ұлттық тағамдардан дәм татты.
Тарихта аты қалған «Бұланты шайқасы» туралы жастарға экскурсия жасалды.
 Одан кейін ұлттық ойындар алаңына бет бұрып, «Асық ату»,  «Садақ ату», «Арқан тартысу», «Алтыбақан», «Қаппен секіру» секілді ойын түрлерінің таныстырылымына қатысты. 
«Асық ату» ойынының қыр-сырын таныстырған музей қызметкері – Бейсенбай Ержігітов;
Денсаулықты нығайтуды көздейтін, мергендік спорттың түрі «Садақ атуды» көрсетіп, таныстырған бапкер, жаттықтырушы – Мейірімхан Ералиев. 
Қазақтың көне ұлттық аспаптарын жаңғыртушы шебер, күйші Азамат Бақия шеберлік сабағын көрсетті.
Қатысушылар киелі ағашқа «Ақтық байлау» рәсімін жасады. 
Ақтық кез келген жерге байланбайды. Ақтық көбінесе киелі деп танылған жерлерге, иенде дара өскен ағашқа, арасан, бұлақ басындағы тал, терек пен бұталарға байланған. Ақтық ақ көңіл, ақ тілек, амандыққа, адалдық жолына арналып тағылады. 
Қатысушылардың бір тобы тауға шығып, «Білеуті» этноауылының эмблемасы бар тумен естелікке суретке түсті. Екінші топ өнерпаздардың «Ауыл кеші көңілді» атты концертін тамашалады.  
Ақын, жыршы Мұханбет Бекмағанбетұлы жырын оқып, Тайжан Қалмағамбетов атындағы филармонияның күйшісі Нүриден Оспанов «Аламан» күйін тартып кештің көркін қыздырды. 
Іс-шара соңында ақ дастарқан басында ауыл ақсақалдары туған өлкенің аңыздарын тілге тиек етіп, бата қайырып, жиналған қауым ерекше көңіл-күйде тарқасты.